Кітап оқуға қызықтырудың алғы шарттары

Еліміз көлемінде Өкіметіміздің іс-қызмет бағдарламасы мен Еліміз президентінің «Кітап мерекесі» күндігін белгілеу туралы жарлығын іске асыру, жастар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында 2012-2013 жылы 3 сатымен «Кітап» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.Осыған орай Аймақтық Білім және Мәдениет орнының Қазақ тілі, әдебиеті пәнін жауаптанған маманы Ибрагимқызы Әсемгүлдің мақаласын ұсынамыз.

Кітап оқуға қызықтырудың алғы шарттары
Күнделікті өмір жаңалықтары, ғылымдағы жетістіктер қай мамандық саласындағы адамнан болсын терең білімді және ақыл, ой өрісінің жан-жақтылығын талап етеді. Сондықтан барлық ата-аналар өз балаларының жақсы оқуын, білуге құмар болып өсуін, кітапты көп оқып, оқуда қажырлылық көрсетуін, жалпы рухани дүниесінің бай болуын қалайды. Баланы рухани байлығы мол етіп тәрбиелеудің сан түрлі жолдары бар.

Сол жолдардың бірі және бірегейі – баланы кітап оқуға әуестендіру. Соңғы жылдары балалардың көркем әдебиет пен балаларға арналған газет-журналдарды оқуға деген қызығушылығы азайып кетті. Оның себебі неде? Неше түрлі ақпарат хабарлар, жаңалық беретін, көріністі көз алдына әкеліп қоя салатын, ойландыра да толғандыра қоймайтын техникалық құралдардың көптігі, компьютерлендіру баланың кітап оқуға құмарлығын жойып жіберді ме?

Қалай десек те бұл тақырып төңірегінде сұрақ көп. Әрине, бұдан барлық бала бірдей қолына кітап ұстамайды деген ой тумауы керек. Шындық сол, кітап оқымайтын бала көп. Көркем әдебиет - адамгершілік, дүние байлығы, тән, жан тазалығы, әдет-ғұрып. Олай болса, баланы жастан кітап оқуға әуестендіру - саналы, білімді, жан-жақты жетілген ұрпақ өсірудің бір жолы болып табылады. Сол себепті бастауыштан бастап кітап оқуға қызықтырудың күнделікті сабақ барысында елеусіз қалып жатқан қарапайым да тиімді жолдарын ұсынбақпыз.

Мұғалім үшін баланы кітап оқуға үйретудің алғы шарттары мыналар:

1. Сыныпқа келген күннен кітаптың құдіретін ұғындыру. Жыртпауға, жоғалтпауға, сызбауға, боямауға үйрету. Өзінің алғаш бастап оқыған барлық пән оқулығы не туралы, қай жылы, қайдан шықты, авторы жөнінде түсінік беру.

2. Әр пәнді өткен кезде оқулықтан тыс тақырыпқа сәйкес келетін тақпақтар жаттау. Бұл үйге қосымша тапсырмаға беріледі.Небәрі 4-ақ жол. Ата-ана көмегімен орындалады.

Жетістігі:
Бала ата-анасымен бірігіп ізденеді
Тілі дамиды
Тақпақ үйренеді
Мұғалім тапсырмасын орындау жолында жауапкершілікті сезінеді.

3. Барлық әріптерді өтіп, бала толық оқитын дәрежеге жеткенін кейін шағын жұмбақ, жаңылтпаш, мысал, әңгіме, ертегілерді, оқып келіп оқушылар алдында айту. Бұл тапсырма сабақ сайын, әр пәнде бір-екі оқушыға ғана беріліп, кезектестіріп, бүкіл оқушыға таратылуы керек. Тапсырманы орындау барысында оны қайдан алды, кім үйретті, авторы кім, оны неге таңдады, несімен ұнады деген сұрақтар қою керек.

Жетістігі:
Бала жауапкершілікпен ізденеді.
Кітап, журналды қарап танысады.
Біреуден сұрау, сөйлесу, пікір алысу арқылы сөйлесу мәдениеті қалыптасады.
Таныс емес авторларды, халықтарды танып біледі.
Дүниетанымы кеңейеді.

4. Алғашқы күннен сыныпта «Біздің кітапхана» бұрышын ұйымдастыру. Оған жоқ дегенде 20-дай кітап жиналса игі еді. Арнайы оқушылар арасынан кітапханашы тағайындалады. Барлық оқушы кітапханашы болып шыққаны дұрыс. Ол апта сайын кезекпен ауысып тұруы керек. Жеке-жеке карточкалар ашылып, оқыған кітаптары, алған, тапсырған күні жазылып отырады. Апта сайын сынып сағатында кім көп оқыды, қай кітапты оқыды, ұнаған кітап, оның авторы, қайдан қашан шықты, мазмұны не жөнінде т.б. талданып, аңғарғаны дұрыс. Мұғалімнің көмегімен сол аптадағы кітапханашы есеп беруі керек.

Жетістігі:
Кітап оқуға құмарлық артады.
Көп оқуға тырысады.
Оқығанын айтып беру шеберлігі артады.
Сөздік қоры дамиды.
Ақын-жазушыларды көптеп тани бастайды.
Кітапханашы болу арқылы жауапкершілікті ұғынады.
Бір-бірімен тең дәрежеде екенін сезінеді.
Еңбек етуге құлшыныс туады.
Оқылған кітап есте сақталып, зейінді болады.

5. Кітапхананы тоқсан сайын жаңа кітаптармен толықтыру. Оқылып болған кітаптарды әкетіп, жаңасын әкелу.

Жетістігі:
Оқушының үйінде де өз жеке кітапханасын жасауға көмектеседі.

6. Оқуға ынтасы жоқ, оқуы нашар оқушылармен жеке жұмыс жүргізу. Мұғалім және ата-ана тарапынан үнемі көмек көрсету, кітап таңдауға бағыт сілтеу. Үздік оқушыларды көмекке әкелу. Үнемі оқу барысын, қадағалап отыру.

Жетістігі:
Ешқандай бала елеусіз қалмайды.
Оқушы белсенділігі артады.
Сыныптастар арасында, бір-біріне деген көмек, жолдастың сезімін ашады.
Ата-ана жауапкершілігі артады.
Сыныптың білім сапасы жоғарылайды

7. Ұжым болып мектеп, балалар орталық кітапханаларына, оқу залдарына бару. Кітапханалардан кітап жазып алуға үйрету.

Жетістігі:
Кітапхана залдарын, кітапхана жұмыстарын, көп кітаптарын көрген балада сол кітаптар қандай екен, оларда не туралы жазылған, бәрін оқыса ғой деген талпыныс, кітап әлеміне терең бойласам деген құлшыныс, мамандыққа қызығу туады.

8. Баланың жасы өскен сайын кітап мазмұнын, көлемін түрлендіру. Әр ғылым саласы, әр жанр бойынша оқуға ұсыныс жасау.

Жетістігі:
Бала өзіне тапсырылған істің салмағын сезе бастайды.
Жасы, сыныбы өскен сайын көп білу керектігін, өзінің де өсіп келе жатқанын сезінеді.

9. Оқылған кітаптардағы, газет журналдардағы ұнаған сөйлемдерді, тақырыптарды, дәйек сөздерді, мақал-мәтелдерді арнайы дәптерге жазып жүру. Ол дәптерге әдемі ат қою. («Сөз- өрнек», «Сөз семсер», «Өнер алды- қызыл тіл», «Сөз маржаны», «Сен білесің бе?», «Жадыңда қалсын жақсы сөз», «Ананың сөзі- ақылдың сөзі» т. б. )

Жетістігі:
Бала сөз құдіретін түсіне бастайды
Жақсы мен жаманды айырады.

10.Кітапты құр түсінбей оқудан сақтандыру. Талғап оқуға кеңес беру. Оқыған кітабына өз көзқарасын білдіре білуге үйрету. Мақсат кітаптың санында емес, мазмұнында, жүрекпен ұғынып, көңілге тоқу екенін түсіндіру.

Ол үшін ата-ана баланы кітап оқуға жетелеудің мынадай алғы шарттарын орындауы қажет:
Бала бөлмесіне арнайы кітапхана үшін бұрыш жасақтау;
Алғашқы кітап сатып алған күні әдемі дәптерді қоса алу. Дәптерге өзінің танысқан, оқыған кітаптарын тізімін жаздыруға әдеттендіру керек;
Әрбір мереке, атаулы күндер немесе сәті түскенде бала оқымаған, оның кітапханасында жоқ, оқуға деңгейі жететін кітаптарды сыйға тарту. Сол арқылы кітап бағасын толыту. Кітаптан артық сыйлық жоқ екенін ұғындыру.
Тек кітапшалармен шектелмей баспасөз бетіндегі балаларға арналған беттерді көрсету, оқуға кеңес беру. Сол әңгіме, ертегілерді не жұмбақты іні-қарындастарына, үлкендерге дауыстап оқыту, түсінігін сұрау;
Үйде кітап оқуға жағдай туғызу;
Алғашқы күннен баланың күн тәртібіне қатаң көңіл бөлу. Аптаның жеті күніндегі әрбір сағат сабаққа, ойынға, кітап оқуға, үй шаруасы шамасына, жас деңгейіне, қабілетіне қарай бөлініп берілуі керек.

Бұл мақалада ата-ана мен мұғалім үшін бастауыш сыныптарда жүргізілетін кітап оқуға үйретудің алғы шарттарына ғана тоқталдық. Кітаптың дәмін татқан бала әрі қарай өзі іздеп жүріп оқиды. Бұл кітап оқуға үйрету жолы ғана емес, баланы әдет, дағдыға, тәртіпке, уақытты бағалай білуге тәрбиелеудің бірден-бір кілті. Жаста берген тұщымды тәлімнің жемісін ата-ана мен бала бірігіп татады.

Ең бастысы, балаға күш түсірмей, жалықтырмай уақытты тиімді пайдалану керек. Айтылған жәйттің бәрі ата-ана мен мұғалім көмегімен, бақылауымен нәтижеге жететінін естен шығармаған жөн. Саналы ұрпақ, парасатты мұрагер өсіру - біз бен сіздің қолымызда.

Манай сайт танд таалагдаж байвал LIKE хийгээрэй. Танд баярлалаа.
Сэтгэгдэл үлдээх:

 
back to top