Кәкей Жаңжұңұлы - Отыз сегізінші жыл

Отыз сегіз-шырқырап шерлі өткен жыл,
Ел есінен шықпастай меңдеткен жыл.

Ұрпақтардан ұрпаққа мәшһүр болған,
Білесің бе,мұтылмас ол неткен жыл?
Ақиқатты ендеше тыңда,қарақ,
Өтірікті көп журдім шынға балап.
Әлі күнге сал болып отырады ел,
«кісі ұстаған жылы» деп жылнамалап.
Адасты бір дәуірдің көші лағып,
Несі кетті білмеді ел,несі қалып.
Отырады үлкендер санамалап,
«Мал қураған жылы»деп есіне алып.
Отыз сегіз-«тірідей көм» деген шақ,
Қайран халық,бүк түсіп меңдеген шақ,
Ел іші толып жетім-жесірлерге,
Баласына әкесі сенбеген шақ.
Отыз сегіз-қабырға сөгілген шақ
Көздің жасы көл болып төгілген шақ.
«Есіркудің*кесірі тиеді» деп,
Ағайыннан ағайын бөлінген шақ…
Білсекте те өмірде өтпек,озбақ барын,
Бүгін күн жатырмыз қозғап бәрін.
Суалған жақ,қураған шаштар қанша,
Содан бері жоқтаумен боздақтарын.
Кім нәубетті еске алмай қоя алады,
Кемпірлердің жастығы боялады.
Арын қорғап түсінде «кешіуіндерден*,
Әлі күнге шошынып оянады.
Қара таңба басылып бесігінде-ақ,
«Есіркусің,-дей ме деп –есімің жат»-
Кінәлідей жасырып ата-тегін,
Қор боп өткен өмірі несі қымбат!
Ал сөйлеңдер,кәнекеи,ашынғандар,
Абыройы ашылып шашылғандар.
«Есірку» деп,«ұрқы деп есіркудің»,
Маңдайына қара дақ басылғандар,
Ал сөйлеңдер ашылып,асыл жандар!
Бар мәйегін халықтың,қаймақтарын,
Арғұмағын,нелер боз тайлақтарын,
Ар-ұжданың,жетекші ақыл-ойын
Қарақшы оққа берген кім байлап бәрін?
О дүниеден күңіренсін есіл үндер,
Аруақтар да,сөйлеңдер шешіліңдер.
Кімдер ол,китілділер,не шабарман,
«Шаш ал десе,бас алар»кешуіндер…
Солай-шығар,заманы солай шығар?
Айдап –ату ол кезде оңай шығар?
Жоқ,атаман!Өзге емес өз әкесін,
Оққа байлап беруге қалай шыдар?
Болған солай тәңірден безінгендер,
Сан күнәні арқалап көз ілгендер
Әлі де жүр біразы мұрты сынбай,
Айналдырып терісін сезілмеуге.
Салса өзін салғандай тезге сені
Арлы болса әз жаны төзбе еді.
Сол күнәһар бүгіндері моп-момақан
Көшелерден елеусіз кездеседі.
Қайдан тисін өізіңе өз кеселі,
Шайқаумен жүр,ілместей көзге сені.
Жасы жуған жесірдің жасаулары,
Жаймасынан сол үйдің кездеседі.
Хат білгенді көзі ашық молда санап,
Айдайтуғын кісендеп,қорлап,сабап.
Сол құдайсыз бүгіндері құран оқып,
Молдасымақ болып жүр далбасалап.
Басып қайтем бетіңе басып қайтем,
Жеңген түрмен желкелеп тасып қайтем.
Халқым менің кең қолтық,кешірімшіл,
Дәстурінен осынау асып қайтем,
Бар жазаның ауыры-«Ар» жазасын,
Өзі-ақ тартар,
Бетіне басып қайтем!
1988.
*Есірку(монғ.(Эсэргүү-қарсы)-«Халық жауы».
*Кешуін(моңғ.гишүүн-мүше)-Шаш ал десе бас алар шолақ белсенділер.


Манай сайт танд таалагдаж байвал LIKE хийгээрэй. Танд баярлалаа.
Сэтгэгдэл үлдээх:

 
back to top