Тұңғыш рет Моңғолияның халық жазушысы атанған – Мағауия Сұлтанияұлы
Мағауия Сұлтанияұлы (1921 ж.т., Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы, Бұлғын ауылы) – жазушы, аудармашы, журналист. МХРП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген (1969). 1945-1954 жылдары Баян-Өлгий аймағында ауыл мектептерінде мұғалім, 1954-1983 жылдары “Жаңа өмір” газетінде және аймақтың баспа редакциясында редактор болып қызмет еткен. Алғашқы кітабы “Ешкімге айтпа” 1972 ж. жарық көрді. Мағауия проза саласында өнімді еңбек етіп көптеген әңгіме, повесть, үш роман жазды. Оның “Отан ұлдары” (1974), “Өмір өрнегі” (1975), “Мамық” (1978), “Менің ұстаздарым” (1979), “Ұрпақ тағдыры” (1981), “Сүмбіле” (1984), “Ақ бата” (1995) секілді кітаптары бар. Жазушының шығармаларының тілі шұрайлы, тарихи-этнографиялық деректерге бай. “Ұрпақ тағдыры”, “Сүмбіле” романдарында Моңғолиядағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі кең көлемде суреттеледі. Ал, өлеңмен жазылған “Шыңғыс хан” (2000) романына ұлы тұлғаның қазақ тарихына қатысты қырлары өзек болған. Ол моңғолдың көне тарихына қатысты қазыналарды қазақ тілінде сөйлетті. “Моңғолдың құпия шежіресі”, “Шыңғыстың қос тұлпары”, “Бұймын батыр”, “Жәңгір” секілді мұраларды қазақ тіліне шебер тәржімалады. Әсіресе ол аударған “Моңғолдың құпия шежіресі” (1979) зиялы қауымның ыстық ілтипатына ие болды. Моңғолдың әлемге әйгілі фольклорлық мұрасы “Жәңгір” эпосының (1999) 12 мың жолдан тұратын толық нұсқасын аударды. М.Әуезовтің тікелей басшылық етуімен бұл эпостың 5,5 мың жолын Қ.Аманжолов, Ж.Сайн, Қ.Бекхожин секілді ақындар алғаш рет 1940 жылы аударған болатын. Мағауия сонымен қатар моңғол әдебиетінің классиктері Қ.Дамдинсүрэн, Д.Сэнгээ, Ч.Лодойдамба т.с.с. шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Оның көптеген туындылары моңғол тілінде Ұланбатырда жарық көрді. Шығармашылық еңбегін жоғары бағалаған Моңғолия өкіметі оны Еңбек Қызыл Ту, Алтын жұлдыз ордендерімен, 1996 жылы Моңғолия мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағымен марапаттады.
Жазушының мынадай шығармалары бар: “Ешкімге айтпа” (1972), “Отан ұлдары” (1974), “Өмір өрнегі” (1975), “Мамық” (1978), “Менің ұстаздарым” (1979), “Ұрпақ тағдыры” (1981), “Сүмбіле” (1984), “Шыңғыс хан” (2000). Аудармалары: “Моңғолдың құпия шежіресі” (1979), “Жәңгір” (1999).