Тиянақ Жаңжұңұлы - Қош бол аға!

(Ағам Кәкей Жаңжұң ұлына.)
«Ағасы бардың жағасы бар»деуші еді
Бәйтерегіме балаушы едім мен сені
Айдың жүзі күннің көзі тұтылып
Зіл қара тас басқан сыңды еңсені.
Көктеген бір бұтағың ем тамыр ап
Ортасынан опырылды шаңырақ.
Қапияда қасіреттен қан жылап,
Қала бердік улап-шулар қаңырап.
Есілім  ең,ел жұртыңның қорғаны,
Соқыр тұман аспан жүзін торлады.
Күңіренді туып-өскен  тау-далаң
Оталғандай Бұлғыныңның орманы.
Жолың тосып екі көзім төрт болды.
Көкірегіме құса менен өрт болды..
Тұлпар атың мәрелерді топ жарған.
Тұл қалар деп кім ойлаған ерттеулі.
Қаршадайдан мәпеленген жыр едің
Өлең сөздің дүлдүлі едің,пірі едің
Опындырып қалың елді,халқыңды
Ойда жоқты тығырыққа тіредің.
Қарыздар-ау халқым сендей мәрт ұлға,
Еңіреп туып,елін сүйген нар тұлға.
Аңырап қалды-ау ақ жаулықты анашың.
Боздап қалды-ау боталарың артыңда.
Шешіліп бір сырласпадық ағажан,
Шерлі жүрек өксікпенен созар ән.
Бір ұяда құлын тайдай бірге өскен,
Қайран арыс,қайыстырды-ау жан-азаң.
Марқасқа едің маңдайыма сыймадың,
Қош ағажан жолдас болсын иманың.
Қош ардағым,орның болсын бейіштен,
Жарық болсын туған айдай дидарың!
1993 .05.16
Тиянақ Жаңжұңұлы.

Манай сайт танд таалагдаж байвал LIKE хийгээрэй. Танд баярлалаа.
Сэтгэгдэл үлдээх:

 
back to top